Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1186 қаулысы
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 10-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1186 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін (бұдан әрі – Мемлекеттік рәміздер күні) мерекелеу қағидалары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу тәртібін анықтайды. 2. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу қазақстандық азаматтық біртектілікті, патриотизмді және ұлт бірлігін нығайту бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі элементі болып табылады. Мереке «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойылған күнге орайластырылған.